Еліміздің батыс өңірінде тойланатын жыл сайынғы Амал мейрамы Қаратөбе ауданында биылғы жылы да кеңінен аталып өтілді. «Көрісу күні», «Қауышу күні» деп аталатын мейрамда аудан тұрғындары мен қонақтары орталық алаңнан табылды.

Қыстан амалдап шыққан көшпенді халықтың көктемде көрісіп, бірін-бірі түгендеп, ағайынмен қауышатыны белгілі.

Бұл күні түрлі ойын-сауық ұйымдастырылып, мерекенің басты сәні – киіз үйлер құрылып, наурыз көже пісіріледі. Жиылған қауым бір-бірімен қол алысып, төс қағыстырып, көрісті.

Аудан көркемөнерпаздары ұйымдастырған мерекелік бағдарлама театрландырылған көрініспен басталды. Ән мен дәмнен шашу шашылған бағдарламада аудан әкімі Жанат Асантаев жиналған қауымды Амал мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Мерекелік шарада ақсақал Еркінбек Жәнібеков көпшілік қауымға бата берді.

Жыл сайын жоғарғы деңгейде аталып өтілетін мейрам бұл жылы бұрынғылардан ерекше болды. Орталық алаңда сегіз ауылдық округтің киіз үйлері тігіліп, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетті. Әр киіз үйдің өзіндік ерекшеліктері бар. Егіндікөл, Қаракөл ауылдық округтері мерекеге арнайы дайындаған ұлттық тағамдардың сан алуандылығымен таң қалдырды. Ал, Саралжын ауылдық округінің азаматтары құмай тазы әкеліп, көпшіліктің көзайымына айналды.

Аққозы ауылдық округінің өнерпаздары ауылдың алты ауызын жасап, қазақы дастарқан жайып, шоқпен қайнатылған ыстық шай ұсынды. Жусандыой ауылдық округі ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдардың бірі – жаужүректі дайындаған. Малдың жаңа піскен жүрегі мен бауырын жасалатын ұлттық тағам жаугершілік заманда батырларға қуаттандырып қана қоймай, жүрек талмасына ем болады екен.

Қоскөл мен Сулыкөл ауылдық округтері киіз үйді ерекше сәндендірулерімен, көпшілікке таңдай қаққызды. Киіз үйлердің төрінде берен мылтық, қамшы, домбыра, түлкі ілініп, қабырғалары ою-өрнектермен әсемделген.

Ал, Қаратөбе ауылдық округі мерекелік шараға жылқы жануарын әкеліп, балаларға атқа отыру, ат ерттеу сынды салттарды үйретті.

Округтердің киіз үйлерімен танысқан арнайы комиссия оларға өз бағаларын берді. Барлық талаптарға сай келген Аққозы ауылдық округі үздік деп танылып, 3 млн. теңгенің сертификатына ие болды. Аталмыш қаражат алдағы уақытта ауылды абаттандыру жұмыстарына жұмсалатын болады.

Сонымен қатар, орталық алаңда ұлттық спорт түрлері бұқа тартыс, табан тартыс ойындары ұйымдастырылды. Ойын нәтижесінде бұқа тартыс сайысынан қаракөлдік Дәурен Бақтыгерей үздік деп танылса, табан тартыс ойынынан қаратөбелік Әділет Аманғали қарсыластарынан озып шықты.

Мереке құрметіне орай аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы «Бауырсақ PARTY» ұйымдастырды. Орталық алаңда ошақ құрып, қазанға бауырсақ пісірді. Мереке тойлаушы көпшілікке ыстық бауырсақтары мен ақтан дәм татқызды.

Мереке аясында алтыбақан құрылып, арнайы концерттік бағдарлама халық назарына ұсынылды. Осындай ерекше көңіл күймен басталған кешенді шаралар 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне дейін жалғасатын болады.