Елбасы «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезіндегі сөзінде негізгі басымдық – азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын көтеру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге байланысты бірқатар нақты міндеттер жүктеген болатын. Сол себепті «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, жаңа  форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі әзірленіп күшіне енді.

 

1.Ең алдымен атаулы әлеуметтік көмек дегеніміз не?

Атаулы әлеуметтік көмек – әр жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен тұратын аз қамтылған азаматтарға және көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем. Айта кететін жәйт, бірінші кезекте табысы төмен көп балалы отбасыларына айрықша көңіл бөлінетін болады.

Біріншіден,  аз қамтылған отбасыларды, әсіресе көп балалы отбасыларды қамту аясын кеңейту мақсатында атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі, яғни кедейлік шегінің мөлшері 50 пайыздан 70 пайызға дейін немесе 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін өсті (күн көріс деңгейі 29 698 теңге).

Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек алушы аз қамтылған отбасылардың әр баласына ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төленетін болады. Жаңадан енгізілген өзгерстер бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы немесе 20 789 теңге мөлшеріндегі кепілді төлем 18 жасқа дейінгі балаларға, ал орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда, білім беру ұйымын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) төленетін болады, яығни баласы студент болса, 23 жасқа толғанша 20789 теңге төленеді.

2.Аз қамтылған отбасы  статусы қалай  анықталады?

Аз қамтылған отбасының  статусы кедейлік шегімен өлшенеді, кедейлік шегі 20789 теңгеге тең, кедейлік шегі атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін айқындау үшін белгіленген өлшемшарт, немесе ең төмен күн көріс деңгейінің 29 698 теңге *70% = 20789 теңге.

3.Атаулы әлеуметтік көмектің жаңартылған форматына өтініштерді қабылдау қашан басталады? Қай жерге барып жолығу керек?

 Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге өтініштерді қабылдау 1 сәуірден басталды. Ауыл тұрғындары үшін де қолайлы жағдай жасалған.  Ауылдық округтердің тұрғындары өтініш жазу үшін аудан орталығына келуінің қажеті жоқ.  Өтініштер әр ауылдағы әкімдіктерде қабылдануда. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтініштер 8 округ әкімдігінде және жұмыспен қамту орталығында  қабылдануда. 

4.Жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан беру қажет пе?

Жоқ, міндетті емес. Кейбір адамдарда «сәуірдің 20-сына өтініш жазсақ, 20 күн жоғалтамыз» деген жалған пікір қалыптасқан. Бұл — дұрыс емес. Қай айда келсе, жәрдемақы сол айдың басынан бастап тағайындалады. Мысалы, өтініш сәуір айының қай күні қабылданса да, мыс. сәуірдің 20-сы немесе 30-ы, жәрдемақы сәуірдің 1-інен бастап тағайындалады. Атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады және өтініш берген күнге байланысты емес.

5.АӘК алу үшін тұрғылықты мекенжай бойынша прописка болу қажет пе?

 Ия, қажет. АӘК тағайындау үшін тұрғылықты мекенжай бойынша тұрақты немесе уақытша прописка болу қажет.

6.Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қаңдай құжаттар қажет?

Елбасы тапсырмасына байланысты тек қана бір құжат — өтініш иесінің жеке басының куәлігі қажет. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдетілді, сұратылатын құжаттар «е-Халық» ақпараттандырылған   жүйесі   арқылы   жүзеге   асырылатын   болады. Басқа құжаттар қажет емес. Жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтары, әкімшіліктер тиісті мемлекеттік органдарға сұрау жасау арқылы, өздеріне қажетті мәліметтерді алады. Отбасының жалпы кірісі, қанша жәрдемақы алатыны, тұрғылықты жері, тағы басқа.

  1. Жәрдемақыны есептеген кезде бірге тұратын туыстардың барлық табыстары есепке алынатыны рас па?

 Атаулы әлеуметтік көмекті 2019 жылғы 1 сәуірге дейін тағайындаған кезде отбасының бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізетін барлық мүшелері есепке алынған болатын.

Бұл норма қайта қаралды. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен  «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңына отбасы құрамын нақтылау бөлігінде толықтырулар енгізілді. Ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде отбасы құрамында бірге тұратын, бірақ «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 1-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес жақын туыс болып табылмайтын адамдардың табыстары есепке алынбайды, бірге тұратын, ортақ шаруашылықты жүргізетін және тұрғылықты жері бойынша бір елді мекен шегінде тіркелген отбасының барлық мүшелері ескеріледі. Олар ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата, әже, немерелер есепке алынады.

  1. 1 сәуірден бастап отбасының жалпы табысын есептеу кезінде қандай табыс көздері есепке алынбайды?

1 сәуірден бастап АӘК тағайындау үшін отбасының жиынтық табысын есептеген кезде төмендегі кірістері есепке алынбайды:

  1. Отбасы құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалы отбасыларға тағайындалатын және төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  2. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылар;
  3. Он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
  4. Бірінші, екінші, үшінші топтардағы он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
  5. Қаржыландыру көзіне қарамастан оқушыларға, студенттерге төленетiн стипендия;
  6. «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес көрсетілетін біржолғы ақшалай көмек (жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын біржолғы ақшалай көмек).

Бұрын осының бәрі отбасылық кіріс ретінде саналған болатын, 1 сәуірден бастап жаңартылған формат бойынша бұл жәрдемақылар кіріс көзі ретінде есептелмейді. 

  1. Жәрдемақы алу үшін отбасының бір мүшесінде қандай табыс болуға тиіс? Және жәрдемақының мөлшері қандай?

Егер отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы
20 789  теңгеден аспаса, отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл ретте кәмелетке толмаған балаларға 20 789 теңге мөлшерінде, ал ересектерге отбасының жан басына шаққандағы табысы мен АӘК критерийлерінің мөлшері арасындағы айырма төленеді.

Мысал ретінде екі ересек ата-ана мен алты кәмелет жасқа толмаған баладан тұратын отбасын алайық.

Ай сайынғы табысы:

1)   Әкесінің жалақысы – 150 000 тг. құрайды;

2)   Көп балалы отбасыға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы – 10 504 тг;

3) «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көп балалы анаға берілетін мемлекеттік жәрдемақы – 16 160 тг.

Отбасының ай сайынғы табысы – 176 664 теңге.

Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік  жәрдемақы мен «Күміс алқа» жәрдемақы алып тасталды. Отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы орташа табысы келесідей есептеледі: 150 000 теңге 8 адамға бөлінеді = 18 750 тг. Тиісінше, отбасы АӘК көрсету критерийлеріне сәйкес келеді.

Балаларға АӘК мөлшерін есептеу: 20 789 теңге*6 бала = 124 734 тг.

Ата-аналар үшін АӘК мөлшерін есептеу: 20 789 тг. – 18 750 тг. =
2 039 тг; 2 039*2 = 4 078 тг.

АӘК жиынтық мөлшері 124 734 тг. + 4 078 тг = 128 812 тг.

Егер бұрын отбасы АӘК көрсету критерийіне сәйкес келмесе, енді 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасы 128 812 тг. мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы.

Осылайша, жаңа атаулы әлеуметтік көмекті ескере отырып, отбасының жалпы табысы: 176 664 тг. + 128 812 тг. = 305 476 тг. болады.

 

11.Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс есепке алынады ма?

 Иә, отбасының жиынтық табысын анықтаған кезде жеке қосалқы шаруашылық ескеріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес есептеледі. Қағидаларда  ел өңірлерінің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтан  түсетін табысты есептеу нормалары айқындалған.

Жеке қосалқы шаруашылығынан түсетін теабыстың нормативтік карточкасы және өнiм беру жағдайына жеткен мал төлiнiң және құстардың жасы анықталған. Мысалы, ірi қара малы -25 айға, қой мен ешкi -12 айға, жылқы -16 айға, түйе -18 айға, жұмыртқалайтын құс -195 күнге жеткен уақыттан бастап есепке алынады.  Өнім бермейтін жастағы (төл, балапан) үй малынан, құсынан алынған табыс, есепті кезеңде ол сыйға тартылған немесе өткізілген (сату, сою) жағдайда ғана есепке алынады. Отбасының жиынтық табысы жұмыс малы (жылқы, түйе) мен бiр жыл iшiнде төлдемеген малдан (мәселен, қысыр сиыр) түскен табыс есептелмейдi.

        

Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалмайды?

 

Атаулы әлеуметтік көмек отбасының оны алуға құқығы бар әрбір мүшесіне тағайындалады.  Отбасы құрамына: толық мемлекеттік қамсыздандырудағы балалар,  мерзімді әскери қызметтегі адамдар, бас бостандығынан айыру орындарындағы, мәжбүрлеп емдеудегі адамдар және Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы»  Кодексне сәйкес бірге тұратын, бірақ жақын туысы емес адамдар кірмейді.

 

Отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік жағдайына байланысты атаулы әлеуметтік көмек  шартты және шартсыз болып екі түрге  бөлінеді.

Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға беріледі.Мұндай аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қандай да бір шартсыз 6 айға тағайындалып, ай сайын төленеді.

Шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы. Әлеуметтік келісімшарт 12 айға жасалады.

Әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттерді орындамауы бірінші рет анықталған жағдайда шартты ақшалай көмек мөлшері еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің барлығына бір ай бойына 50% қысқартылады. Міндеттемелердің орындалмағаны қайтадан анықталған жағдайда, еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің  барлығына шартты ақшалай көмек  төлеу тоқтатылады. Бірақ, бала кутіміндегі аналар  мен кәмелеттік жасқа толмаған балаларға төленетін АӘК толығымен сақталады